Көбекірген тырнақ (охинокриптоз) – тырнақ пластинкасының тырнақ қатпарының бүйір шетіне енуі. Охинокриптоз аяқтың бірінші бақайында жиі кездеседі. Көбекірген тырнақ білікшеге кіреді де қабыну (ісіну, қызару, ауырсыну) процесін туындатады. Көбекірген тырнаққа шектен тыс қысымның түсуі, ауырсынудың одан әрі күшеюіне әкеледі. Тырнақтың өсуі инфекциямен қатар жүретіндіктен, ісініп, ірің пайда болады. Бұл грануляцияның шамадан тыс өсуіне әкеліп соғады. Көбекірген тырнақтың пайда болуының тағы бір себебі: тырнақты дұрыс алмау. 90% жағдайда тырнақтың дұрыс алынбауы салдарынан ауру өрши түседі. Сонымен қатар педикюр шеберінің өз жұмысын сапасыз орындауы да көбекірген тырнақ проблемасын туындатады. Көп жағдайда педикюр шеберлері тырнаққа әдемі пішін беру үшін оның бүйір жағын алмайды, кейін тырнақтың бүйір жағы үшкірленіп, өсіп, тері ішіне қарай енеді.
Тар аяқ киім. Аяғыңыздың өлшеміне сәйкес келмейтін кішкентай, тар аяқ киім киген кезде тырнақ жоғары және бүйір жағынан қысылады да, деформацияланып, тырнақ ішке қарай өседі.
Әдетте, бұл дресс-код, классикалық үлгідегі аяқ киімді киюді (туфли, өкшесі биік аяқ киім) әдетке айналдырған жастарда (стюардессалар, банк және кеңсе қызметкерлері) жиі кездеседі. Үлкен буын аға-апаларымыз кезінде өкшесі биік туфлиді, басы сүйір аяқ киімдерді көбірек кигендіктен көбекірген тырнақ проблемаларына жиі ұшырап жатады. Соңғы кездері тырнақтың тері ішіне қарай өсуінің тағы бір себебі: ұзақ уақыт бойы тырнаққа гель лагін жағу болып табылады.
Полимерлеу кезінде гель лак тырнақ пластинасын берік етеді де тырнақтың өз функциясын дұрыс атқаруына жол бермейді. Сондай-ақ тырнаққа лак жаққан кезде, тырнақтың ұзындығын қадағалау қиын бола түседі, ол да онихолизді тудырады. Тырнақтың өсуі тырнақ пластинасының туа біткен деформациясы болуы да мүмкін. Кейбіреулер өздігінен көбекірген тырнақты емдеудің жолдарын іздестіре отырып, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып жатады. Көбекірген тырнаққа лосьондар мен майларды, сары май, пияз қосылған балды қолдану мәселені шешуге көмектеспейді, керсінше ауруды күшейтеді.
Тырнақ пластинасын хирургиялық жолмен алып тастау. Көпшілігі «Тырнақ жоқ жерде, проблема да жоқ» деп ойлайды. Бірақ тырнақтың біркелкі өсетініне немесе көбекірген тырнақ проблемасының қайталанатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Тырнақ пластинасын алып тастағанда, матрица жиі бұзылып, кейіннен тырнақ деформацияланады. Бүйірлік резекция көбекірген тырнақтың толыққанды жойылуына кепілдік бермейді. Бүгінгі күні подология тырнақты ауырсынусыз және тиімді әдістермен емдеудің жолдарын ұсынады. Өскен сегментті алып тастау процедурасы ауырсынуды болдырмайды және емделушінің еңбекке жарамдылық қабілетін жоғалтпайды.
Емделушіні подолог-маман тексеру кезінде тырнақ пластинасының жай-күйін және пішінін бағалап, жұмыс жоспарын құрады. Тырнақтың өсуі мен оның деформациялануы мәселесін шешуге түзету жүйелері (Фрейзер кронштейні, 3TO, титан жібі) көмектеседі. Төмендегі ережелерді ескеретін болсаңыз, ешқашан көбекірген тырнақ проблемасына тап болмайсыз:
1. Дұрыс таңдалған аяқ киім.
2. Тырнақты дұрыс алу.
3. Маманға уақтылы педикюр процедурасына бару.